70 жастан асқан зейнеткерлерге бір реттік 3 АЕК мөлшерінде әлеуметтік төлем беріледі. Қаржы, 1-қазан қарттар күні мерекесіне орай аударылады деп жоспаралануда. Бұл төлемді шамамен 36 мыңнан астам зейнеткер алмақ.
Мамандардың айтуынша, мұндай үрдіс Шымкентте алғаш рет. Яғни, 70 жасқа толған және 70 жастан асқан зейнеткерлерге автоматты түрде 11 796 теңге банк картасына түседі. Ол үшін орталыққа келіп, әуре болудың қажеті жоқ.
Ұлдана Бекбау, Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы: «Қарттарымызға биылдан бастап, 1 қазанда 3 АЕК бір реттік әлеуметтік төлем төленеді. Ондай былтыр жоқ еді. 70 жасқа толған және 70 жастан асқандарға. Оған құжат тапсырудың еш қажеті жоқ. Біз зейнетақы төлеу орталығынан тізім аламыз. Автоматты түрде төленеді».
Ескінің көзін көрген, даналықтың алтын кілті болған қазыналы қарттарымызға берілетін әлеуметтік төлем қала бюджетінен қарастырылмақ. Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша 97 мыңнан астам қария бар. Оның ішінде тең жартысы 70 жастан асқандар.
Нұргүл Жолымбетова