Тыйым салынған орында шомылсаңыз, айыппұл төлейсіз

Тыйым салынған жерде суға шомылсаңыз, 7 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайсыз. Яғни, 27 524 теңге төлеуге міндетті боласыз. Бұл туралы, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі мәлімдеді. Сондықтан, белгіленбеген жерде сақтық шараларына мұқият болып, ережелерге құлақ асыңыз дейді мамандар.

Рұқсат етілмеген орындарда суға түспеңіз! Біріншіден өміріңізге қауіпті, екіншіден айыппұл арқалауыңыз мүмкін. Жауапты мамандар солай дейді. Ал жалпы, еліміз бойынша жыл басынан бері 30 адам суға кеткен. Оның 7-уі балалар. Шымкентте ондай жазайтайым оқиға тіркелмеген. Бірақ былтыр екі суға кету фактісі орын алған болатын. Оның ішінде біреуі жасөспірім. Сондықтан, сақтық шараларына мұқият болу керек дейді мамандар. Егер, заңсыз жерге суға түсіп, ережеге құлақ аспасаңыз, жауапкершілікке тартыласыз.

Судағы қауіпсіздікті қаматамасыз ету мақсатында, департамент тұрғындарға мынадай ережелерді қатаң сақтауды ұсынады. Тек арнайы рұқсат етілген жерлерде шомылыңыз. Бейтаныс әрі тексерілмеген жерде суға түспеңіз. Егер жүзе алмасаңыз, беліңізден жоғары тереңдікке бармаңыз. Түнде суға шомылмаңыз. Мас күйде суға түспеңіз. Бұл адам өміріне қауіпті. Балаларды судың маңайында қалдырмаңыз. Түнде суға шомылмаңыз.

Қазір судағы қауіпсіздікті күшейту мақсатында жергілікті төтенше жағдайлар департаменті профилактикалық жұмыстарды күшейтіп жатыр. Мамандар ай сайын каналдар мен арықтарда, жағалау маңында арнайы рейдтер ұйымдастыруда. Сонымен қатар, қауіпсіздік белгілерін орнату және балаларды жүзуге үйрету шаралары да жүзеге асырылуда.

Серік Әуесхан, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері: «2025 жылға арналған қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, келесі іс-шаралар орындалды. Атап айтар болсам, қала аумағында шомылуға тыйым салынған 13 орынға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Нақты айтатын болсам, 13 тен 30 арттырылуда. Яғни, қазіргі таңда, ашық нормативтік құқықтық актілер порталында жарияланып, 22 мамырға дейін мерзімі бар. Бұл мерзімі аяқталған соң, Шымкент қаласы мәслихатының шешімімен жарияланатын болады».

Айта кетейік, жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында жергілікті органдар және волонтерлармен бірлескен үгіт-насихат шаралары қарқынды жүргізілмек. Ал, жалпы, қалада 5 ресми суға шомылу орны бар. Оның 3-еуінде шомылуға рұқсат етілген. Одан бөлек, 20-ға жуық аквасаябақ пен бассейндер жұмыс істейді. Айта кетейік, қауіпсіздікті күшейту шаралары аясында жыл басынан бері 98 рейд жүргізіліп, 8520 адам қамтылды.

Нұргүл Жолымбетова