19 мамыр күні Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Жәнібек Әбілхан ұлттық бірыңғай тестілеуден шекті 140 ұпай жинады. Ол тестілеуде математика, информатика пәнін таңдаған. Болашақта IT маманы болуды армандайды. Отырар телеарнасы Жәнібек пен оның ата-анасы және мұғалімдерімен тілдесіп қайтты.
Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясында үлкен қуаныш. Мектеп оқушысы 17 жастағы Жәнібек Әбілхан Қазақстан бойынша ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 сұрақтың бәріне дұрыс жауап беріп шекті 140 ұпай жинаған.
Жәнібек тестілеуге жыл бойы өте тиянақты дайындалған. Бар зейінін білім алуға бұрып, күндіз-түні кітаптан бас алмай дайындалып, еңбектенген. Ол тестілеуде математика, информатика пәнін таңдаған.
Жәнібек Әбілхан, Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы: «Жалпы дайындықты бір күнде тапсырма қойып қоясың, менде нақты кесте болған жоқ, бір күнде аяқтап тастап кейін ұйықтау болды. Жалпы ата-анам, мектептегі мұғалімдерім мүмкіндік беріп отырды дайындыққа. Жалпы мектептегі мұғалімдер өте көп көмектесті. Бастапқыда жоғарғы бал алу мақсат болды. Осы наурыз ҰБТ-ға тапсырып көргенде мүмкіндік бар екеніне айтылды, соны пайдаландым. Негізі бастапқыда өз өзіңе сенбей қаласың. Жәйлап-жәйлап өз өзіңе келіп Қуанасың. Бірақ ерекше сезім болды. Сөзбен айта алмайсың».
Жәнібек отбасында бес баланың екіншісі. Әкесі вахтада жұмыс істейді, анасы үй шаруасындағы әйел. Мінезі – тұйық, салмақты. Сүйікті пәні математика. Есеп шығару оған анасынан дарыған. Болашақта IT маманы болуды армандайды. Дайындық кезінде әсіресе ата-анасының зор қолдауына ие болған. «Ең басты демеу – ата-анамның сенімі болды» дейді ол. Жәнібектің анасы Гүля Боранбаева баласының кішкентайынан талапшыл, ұқыпты болып өскенін айтады.
Гүля Боранбаева, Жәнібектің анасы: «Алғашқы фундаменттің жақсы қаланғанының нәтижесі. Білімге деген құштарлығын ашты осы мектеп. Өзінің табандылығының арқасында, мінезінің, бір Алланың берген қабілеті бар өзінде. Өзінің бағытын таңдай білді. Енді бұдан кейінгі өмірінде де сәттілік тілеймін балама».
Жәнібектің сынып жетекшісі Гүлзира Бортай Жәнібек ортасына сыйлы кішіпейіл оқушы екенін айтады. Жәнібек өздігінен сөйлемейді, ал сұрақ қойсаң тиянақты жауап береді дейді.
Гүлзира Бортай, Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі: «Оның жақсы көріп оқитын пәндері бар. Алгебраны, информатиканы, тарихты жақсы көріп оқиды. Табандылығының арқасында осы нәтижеге жетіп отыр».
Биыл Жәнібекпен бірге мектеп-гимназиясын 100 оқушысы тәмамдайды. Олардың ішінде 13 оқушы наурыз айында өткен сынама тестілеуде 100 баллдан жоғары ұпай жинаған.
Сәуле Исанова, Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның директоры: «Солардың бірі біздің кешегі Жәнібек Асқарұлы 140 баллды иеленген. Біздің Жәнібек сияқты үміт артып отырған оқушыларымыз жетерлік. Алла қаласа біз басқа да түлектерімізден осындай жоғарғы нәтижелерді күтеміз».
Биыл Түркістан облысында 34 мыңға жуық оқушы 11-сыныпты бітіреді. Олардың 27 мыңнан астамы ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Айта кетейік, мектеп бітірушілерінен білімін дәлелдеу үшін екі рет ҰБТ тапсыруға мүмкіндік беріледі.