Қаламыздағы 10216 әскери бөлімде 35 жас сарбаз салтанатты түрде Отан алдындағы әскери антын қабылдады. Бір ай бойы бастапқы әскери дайындықтан өткен жауынгерлер үшін бұл — жауапты кезеңнің басталуы. Салтанатты рәсімге ата-аналар мен әскери бөлім басшылығы қатысты.
Қаламыздағы әскери бөлімде 35 сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуге ресми түрде кірісті. Бір айлық бастапқы әскери дайындықтан өткен жастар мемлекеттік Ту алдында ант беріп, жауынгерлік жолға қадам басты.
Ант қабылдаған сарбаздардың бірі – қатардағы жауынгер- Нұрасыл Айдар. Көктемгі шақырылыммен әскерге алынған ол алғашқы дайындық кезеңі туралы айтып берді.
Нұрасыл Айдар, қатардағы жауынгер: «Бұл күн мен үшін өте маңызды. Біз бір айдың ішінде көп нәрсені үйрендік, жаңа ұжыммен тіл табысып үлгердік. Әскери дайындықтан өттік, атыс полигонына да бардық. Алда – әскери мамандықты меңгеру, жаттығулар мен нағыз жауынгерлік өмір басталады. Ал әлі әскерге шақырылмаған жастарға айтарым: қорқудың еш қажеті жоқ. Мұнда бәрі жақсы – тамағы да дәмді, қарым-қатынас та өте жақсы»
Рәсім барысында жас жауынгерлер әскери бөлімнің жауынгерлік дайындық мүмкіндіктерінен үзінді қойылым көрсетті. Ал әскери бөлім командирі сарбаздарды ант қабылдауымен құттықтады.
Салтанатты іс-шара жауынгерлік Ту ұстаушылар тобы бастаған салтанатты саптық шерумен аяқталды. Ал сарбаздарды қолдауға келген ата-аналар қуаныштарын жасыра алмады. Ұлдарымен қауышып, мақтаныш сезіммен суретке түсті.
Әсел Мәлік